Адай руының ішінде Назар қожа және Шалмалы қожа деп аталатын аталардан тараған ұрпақтары бар. Назар қожаны – қоңыр үйлі қожа деп те атаймыз. Адай руының ішіне қожалардың келуі туралы ата-бабаларымыздан келе жатқан әңгіменің мәйегі былай өрбейді.

Араб елінен шыққан қожалар ай жүріп, күн жүріп Хиуа шахарына жетеді. Базар ішінде келе жатып, үлкен бір ұрлықтың үстінен шығып, ұрылар қашып кетіп, бұлар қолға түсіп қалады. Хан алдына апарып жауап сұрайды. Бұлар өздерін дәлелдейтін куәгер жоқ, дарға асылатын болады. Содан екі қожаны дарға асса, Алланың кереметімен дардың жібі хан көзінше екі-үш рет өз-өзінен үзіліп кете береді. Бұның құр емес екенін шынында да қожалар екеніне көздері жеткен хан Пайғамбар ұрпақтарынан кешірім сұрап, ат-шапан айыбын беріп, қазақ даласына шығарып салады. Хош, содан екі қожа ел шетіне жетіп, сол ауылдың үлкеніне мән-жәйді айтып түсіндіреді. «Бұл – адайдың мұңал деген ауылы екен. Ауыл үлкендері айналайындар біздің ауылдың халқы тентектеу еді, бұлар кіргізіп ертең аш болған күні қонағын жеп қойады. Менің айтқан ақылым, мына төбе астында, адайдың Тобыш деген ауылы бар. Сол ауылдың аузы дуалы би Әлмембет деген атаң бар сол ауылға барып көрші ауылы қонақ арылмаған берекелі ауыл» деп, жөн айтады. Сөйтіп екі қожа Әлмембеттің аулына келсе,той болып жатыр екен.Бұларды ешкім елеп-ескермейді. Әлмембеттің ағаш үйіне келіп кірсе іші толған би-бағыландар екен. Бұлар кірген жерге босағаға отыра қалысады. Біраздан соң табақ толы ет тартылады. Бір табақ ішінде құнан қойдың басы бар бас табақты,төрде отырған ақсақалдардың алдына қойылады. Сыйлы адамдардың біреуі басты енді ұстай бергені сол екен, аяқ жақта отырған қожалардың біреуі, «Әй, бас, орныңды тап» дегені сол екен бас табақтағы қойдың басы ұшып барып екі қожаның табағына топ ете қалады. Бұны көзбен көрген Әлмембет атамыз бұлардың құр емес екендерін көріп, қайта қой сойып қонағасы беріледі. Әлмембет атамыздың төрт баласы бар. Зорбай, Табынай, Шоңай, Бәубек. Қожаны бесінші бала қылып отау тігіп бөлек отау қылады. Әлмембет атамыздың жалғыз қызы болған аты Шитікен есімді жалғыз қызы төсек тартқан айықпас ауру екен. Әлмембет «қожа болсаңдар, Аллаға жақын, қасиетті әулиесіңдер ғой. Емдерің шипа, дұғаларың қабыл болар, менің мына қызымды емдеңдер. Жазып бергендеріңе үстеріңе үй, алдарыңа мал салып, бесінші балам етемін»-дейді. Екі қожаның үлкені Назар екен. Сол Шитікенді емдеп жазады. Қасиетін көрген Әлмембет ата риза болып, Шитікенді Назарға ұзатып, қызының жасауы мен отауының үстіне өзінің қоңыр үйін де үстемелейді. Сөйтіп,Әлмембеттің бесінші баласы болған Назар Адай ішінде «Қоңыр үйлі Қожа» аталып, одан Қожакелен мен Мұрын туып,бұлардан көп тұқым өрбейді. Іштерінен небір көріпкелдер, керемет балгер емшілер шықты. Солардың ішінен шыққан Құрмантай қожа, Қартбай қожа, Сартай қожа, Әбіш қожа сияқты керемет көрсеткен қожалар ел арасында мұрасы жинаусыз, ізі зерттеусіз жатыр.