Шөмекей – Кіші жүздің құрамына кірген ежелгі түрік руы (тайпасы). Таңбасы екеу. Ағасы Әлім таңба бермеген соң нағашысына Орта жүзге барып таңба алады. Артынан ұялған ағасы бір баласының таңбасын алып Шөмекейге береді. Тарихта сонымен Шөмекей екі таңбалы болады.

Шөмекейден Көнек, Тоқа, Аспан, Бозғыл тарайды. А.Левшин, Н.Аристов, Г.Грумм-Гржимайло, М.Тевкелев, сондай-ақ М.Тынышбаев, Ә.Диваев, т.б. зерттеушілердің еңбектерінде Шөмекей шежіресі жайлы бір-біріне қайшы пікірлер кездеседі. Шөмекейді зерттеушілердің біразы Батыс Түрік қағандығындағы Дулулар одағына кірген шимүгін (чумугунь) болуы ықтимал деп есептейді. Қытай жылнамасындағы дерек бойынша 654 жылы қытайлар Шу бойындағы Чумугунь, Чумынь тайпасына шабуылдап, 30 мың адамын өлтірген. 6 – 7 ғ-ларда Чумугунь қазіргі дулаттардың ата-бабаларымен бірге Үрбінің (Юебань) құрамында болған. Кейінірек Шөмекейлер бөлініп, батысқа қарай жылжыса керек. Мұны кейбір зерттеушілер Шыңғыс хан заманында болған деген жорамал айтады. Шөмекейдің Тәнке тармағының қарақалпақ құрамында болуы да осындай пікірді қостауға мүмкіндік береді. Одан анна, құйын, айтеке, шеруші рулары өрбиді (Т.А. Жданко). Бірақ Кіші жүз Шөмекейінің рулық таңбасы, ұраны дулаттарға ұқсас емес. Соған қарағанда таңбаны кешірек алуы немесе әуел баста өзіне тән таңбасы болуы да мүмкін. Таңба жағынан олар Кіші жүздегі алшын және қаракесек руларының таңбасына ұқсас (И.Мейер, С.Аманжолов). 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Шөмекейлер Қазалы у-н, Сырдың төм. сағасын, Перовск у-нің солтүстік-шығыс жағын, Ырғыз және Ақтөбе уездерінің шығысын мекендеген. Мал ш-мен айналысқан.