Қайшылы — ескіден келе жатқан қазақтың ежелгі руының бірі. Бұл ру өкілдері жер жүзіне тарыдай шашылып кеткен. Қазіргі уақытта негізінен Қазақ халқының Ұлы жүз құрамындағы Сіргелі бірлестігінің құрамына жатқызылады, бір бөлігі Жалайыр бірлестігінің құрамында да аталады. Қайшылылар Кіші жүз Төртқараның ішінде де кездеседі деген деректер де бар. Бұлардан басқа Қарақалпақ,Солтүстік Кавказ,Өзбек халықтарының құрамдас руы ретінде де кездестіреміз.Тіпті сонау Иран Ислам Республикасының оңтүстігіндегі Фарс провинциясында көшпенді ғұмыр кешетін Қашқайлардың (Әзірбайжан мен түрікмен тілдерінің ортасындағы жеке тілде сөйлейді) құрамында жеке ру ретінде Кайшуглы, Гайшгулы немесе Гашгули атауымен кездестіруге болады. Міне осыншама территорияға шашылған ру өкілдерінің түп-төркіні қасиетті Қазығұрт пен қарт Қаратау (бүгінгі күні Бәйдібек ауданындағы Үсіктас ауылы) саналады.
Қазіргі күні қазақ құрамындағы Қайшылы ұрпақтары негізінен Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Шардара аудандарында, Өзбекстанның Ташкент қаласының бірнеше бөліктерінде: 4 жильгородокта, Қыбырайда, Шыршықта топтасып тұрады. Таңбасы барлық Қайшылыға ортақ \»Х\» (қайшы) таңба, алғашқы ұраны жалпы үйсінге ортақ «Бақтияр», кейінгі ұраны «Ақшабдар». Жылына бір рет бас қосып отыратын «Ақсақалдар алқасы» жұмыс істейді, әр жыл сайын Қазығұрттағы Алтынтөбе ауылында «Ғайып ата» молалар қорымындағы «Нан ата белгісінде» арнайы ас өткізіп отырады. «Алтын қайшылы Ізбике ана» қайырымдық-қоғамдық қоры жұмыс істейді.

Мәлімет -Википедия,Рулар шежіресі сайттарынан түрлі еңбектермен салыстырыла отырып алынды

ҚАЙШЫЛЫ АТАУЫҢ ШЫҒУЫ
Бір нұсқада Қайшылы атауының шығуы ауыздан ауызға айтылып келе жатқан “Ойсын қырғыны”аңызымен байланыстырылып айтылады. Аңыз бойынша Ойсынның отыз ұлы болған екен олар; Әліхан, Бақырхан, Қорқыт, Төбеке,Тура, Шолақ, Бәйгел, Әмірбек, Өтеп, Тыныбек, Шыныбек, Нұрбек, Нұрымбет, Құлымбет, Қосақбай, Алшынбай, Жұрынбай, Байымбет, Жарымбет, Садық, Сыдық, Төлеп, Арыстан, Бораш, Жарас, Жанас, Сырымбет, Тұрымбет, Жалманбет(З.С.Қаржани) бұл бір нұсқасы басқа нұсқалары да бар. Кейбір шежіреде оның 16 әйелі болғаны жайлы айтылады да ұлдарының тізімі өзгертіледі, бұдан бұл тізімде жүйеге келмейтін қайшылық бар екенін аңғаруға болады.Мүмкін шынында Ойсынның отыз баласы болған шығар, мүмкін Ойсын қырғынына дейінгі Ойсын бірлестігіндегі рулардың санымен осылай айтылған болар,оны біз дөп басып айта алмаймыз. Осындай сәйкессіздіктерге қарамастан айтылып жүрген“Ойсын қырғыны”аңызы болған бір оқиға төңірегінде өрбігені анық.
Айтылып жазылып жүрген рулар шежіресінде Ойсылдың Төбеке батыр деген баласынан Өтеп батыр туады. Өтеп батырдың Сырымбет,Тұрымбет деген ұлдары болады. Сырымбеттің жұбайы Ізбике Жәнібек хандығындағы киім тігетін шебер ұста болған. Ал енді Ойсылдың тағы бір баласы Әліханнан Арыстан батыр одан Бораш мырза тарайды. Бораш мырза Жеңешесі Ізбике Қайшылыға киім тіктіруге келіп жүрген Жәнібек ханның қызы Аманбикемен көңіл жарастырады да аяғында хан қызының аяғы ауырлап қалады. Бораштың алдында Алшын Қыдырбайдың қызынан алған бәйбішесі болған. Қызының Бораш мырзада ойы бар екенін және одан аяғы ауырлап қалғанын білген Жәнібек хан алғашқыда қызын оған бермек болады. Алайда аңыз бойынша оның уәзірі Қырғиқабақ \»Хан қараға қызын бермес болар\»деп оны айнытады. Сөйтіп уәзірінің берген ұсынысымен Ойсын және оның бетке ұстар азаматтарын тоқсан тоғыз киіз үй тіктіріп құдалыққа шақырады, құдалыққа кірерде қару жарақтарын жиып алады. Сөйтіп әр үйдің алдына қаруланған жендеттерін қойып жау шапты аттаныңдар деп атау салып, жау кеп қалды екен деп үйден жүгіріп шыққандардың бәрін қырып салған екен. Ойсын қырғыны аңызы осылай қалған екен, кейін сол ойсын қырылған жердегі төбені өлікті деп атап кеткен екен. Құдалық тойға бармай қырғыннан аман калғандар жорықта жүрген тубегі Арыстан,Тұрымбет батырлар болған. Сырымбет батыр қырғында мерт болады оның артында қалған жұбайы Ізбикемен ұлдары Нан және Тола қалған.Аңыз бойынша Қайшылы руы таралуының басында тұрған осы ұлдары Нан менТола.Қайшылы атауының шығуы Сырымбеттің әйелі Алтын Қайшылы Ізбикеге байланысты болған. Ізбике ана хандықтағы шебер тігінші болғандықтан, ханның өзі оған алтын қайшы сыйлаған екен. Сондықтан халық Ізбике ананы — Алтын Қайшылы Ізбике деп атап кеткен екен.Қырғынды есіткенде Ізбике ана бір баласы Толаны төркіні Жалайыр еліне жіберіп,бір ұлы Нанды өзімен алып қалған. Осы балалардан тараған ұрпақ Ізбике Қайшылының атымен Сіргелі және Жалайыр Қайшылылар болып аталған екен. Хан қызы бұл оқиғадан кейін жасырын босанып хан әкесінен қорқып баласын көңнің арасына жасырып қояды. Кейін оны ордада тігінші болған Қайшылы Ізбикеге беріп қамқор болуын өтінеді, ол баладан кейін Көңірдек руы шығып тарайды.Арыстан Тұрымбет батырлар жорықтан келген соң қол жиып Жәнібек ханнан бауырларының кегін алмақшы болған кезде Жәнібек хан шалғайға қөшіп кетіп ізін суытқан екен. Тұрымбет әмеңгерлік жолымен ағасы Сырымбеттің жұбайы Ізбикеге үйленеді,олардан Манап деген ұл туады және одан кейін Тутаңбалы руы тарайды. Ал Бораштың бірінші әйелі Алшын Қыдырбай қызынан туған Құбасайдың ұлдары Ақсйық,Қожасиық,Құлымсиықтан; Батыр, Жайдақ,Қарабатыр,Шалдар,Байжігіт,Айтбозым,Елібай,Жаңабай рулары тарайды. Кейін олар Қайшылы,Көңірдек,Тутаңбалымен қайта бірігіп он екі ата Сіргеліні құраған екен олар; Қайшылы,Тутаңбалы,Ақкөңірдек,Қаракөңірдек,Батыр,Жайдақ,Қарабатыр,Шалдар,Байжігіт,Айтбозым,Елібай,Жаңабай.
З.С.Қаржанидің Қас Сақ Қазақ еңбегіндегі мәліметтері пайдаланылды
Қайшылылар негізінен Оңтүстік және Жамбыл өңірлерінде кеңінен қоныстанған. Қайшылы руы Сіргелі бірлестігіне жатады. Сонымен қатар Қайшылы руы Жалайыр бірлестігінде де бар.
. Сіргелі қайшылы; Андақожа,Наурыз,Темір,Сырлыбай,Көшей,Жылкелді,Көшек деген аталардан тұрады. . Жалайыр қайшылы; Ербөлен,Бисамке,Байқұтты,Жолқұтты,Мәмбетәлі деген аталардан тұрады.
Қайшылы,Тутаңбалы,Көңірдек — Үштаңбалыға бірігеді. Үштаңбалы бірлестігі бұрынғы Алтын орда одан Ноғай ордасы ыдыраған соң халқының бір бөлігі барған солтүстік Кавказда кездеседі.Шет жақтарда олардың саны аз болып қала бергендіктерінен олар сол үштаңбалы атымен қалған.Ал еліміздегі Үштаңбалы дами келе Төрттаңбалы және соңынан Тутаңбалы,Қайшылы,Ақкөңірдек,Қаракөңірдек болып өсіп өрбіген
Алтын орда,Ноғай ордасы ыдыраған соң Қарақалпақ құрамында қалған Үштаңбалының бөлігі таңбасы Үштаңба қаздың аяғына ұқсас болғандықтан Қазаяқлы атанған.Үштаңбалыдан неғұрлым кейін Қайшылы атымен Сауран ауған,Алакөл сұлама оқиғасына ұшырап барған бөлігі Қайшылы атымен қосылған. Сондықтан Қайшылы және Қазаяқлы(Үштаңбалы)Қарақалпақтарда жақын рулар болып саналады.
Тәуке хан тұсында Қарақалпақтардың Қазақ хандығының құрамында болуы екі халықтың бұрынғыдай ру араласып қоныстануына әсер еткен. Жоңғар шапқыншылығы кезінде “Алакөл сұлама” “Сауран ауған” оқиғаларына ұшырап Қоңырат Қыпшақ,Қазаяқлы,Қайшылы рулары ауа көшіп жүріп бір бөлігі Қарақалпақта қалып қойған. Қарақалпақ алты ірі тайпалық бірлестіктен тұрады;Маңғыт,Қытай,Мүйтен,Қыпшақ,Қоңырат,Кенегес. Осының ішінде Қытай бірлестігі 12 рудан тұрады олар; Бессары,Бексыйық,Қазаяқлы,Қайшылы,Анна,Құйын,Айтеке,Шериуши,Аралбай,Манжиули,Боклылықытай.Қырық. Қарақалпақтың 12 ата Қытай бірлестігіндегі Қайшылы руы тоғыз тармақтан тұрады; Ақымбет,Жуансан,Қатерқожа,Танамырза,Бақы,Төре,Көрпе,Сыйпақ,Ежақ,
Иранның Фарс провинциясындағы көшпелі Қашқайлар бірлестігінде де Қайшылылар Гайшгулы,Гашгули деген атпен кездеседі.Бұл Шыңғыс ұрпақтарының әскерінің негізін қураған ата бабаларымыздың Парсы және Мысыр жерлеріне жорықтары кезінде иеленіп қалған мекендері болса керек
Бұл жерде Википедия,Рулар шежіресі және тағы басқа интернет кеңістіктеріндегі Қазақ,Қарақалпақ пікірталас сайттарындағы деректер пайдаланылды

Мақаланың авторы: Куандык Арипбаев