Ұлы жүз шапырашты тайпасынан тарайтын рулар бірлестігі. Шежіре бойынша Шыбылдан ораз, байыс, жәдік, ибақ, сары ұрпақтары тарайды. Басқа бір деректерде одан қарабайыс, сарыбайыс, құлжұдырық, жәдік өрбітілген. Шыбылдардың ерте кездегі мекені Шу, Талас өзендері бойы болған. Әулиеата, Сайрам маңында да тұрған. Кейіннен жоңғар хандығы талқандалып, Жетісу жаудан азат етілгеннен кейін Шыбыл руының көпшілігі қазіргі Алматы облысындағы Қарашеңгел, Ақши, Түрген, т.б. елді мекендердің аумағына көшіп келіп, мал өсіріп, егіншілікпен айналысқан.