Ұлы жүз албан тайпасындағы рулар бірлестігі. Шежіре бойынша одан – қызылбөрік (бөде), қоңырбөрік (өтей), құртқамай (боти), мамай (бойдақ) рулары өрбіген. Кейбір дерек көздерінде Шыбыл қызылбөрік (бөтей), қоңырбөрікке (өтей) бөлінеді. Зерттеушілердің көпшілігі Шыбыл атауын Махмұт Қашқари еңбегіндегі, қытай жазба деректерінде чигил (жікіл) деген көне тайпамен (7 – 12 ғасырлар) байланыстырады. Шапырашты мен албанның ішіндегі Шыбылдардың туыстығын таңбаларына қарап та білуге болады. Кейбір деректерге қарағанда, көне чигил тайпасының орталығы – шапыраштылар мекендеген Тараз қаласына жақын болды, ал өзге тобы албан рулары тіршілік еткен Ыстықкөлдің солтүстік-шығысында еді. Шыбыл жайында Жүсіп Баласағұн, Мақдиси, ас-Самани, Әбу-л-Фида, Шихаб әд-Дин, т.б. ортағасырлық шығармаларда айтылады.